22.02.2026
ӘСКЕРИ ЖЕТЕКШІЛЕР СЫНҒА ТҮСТІ
Бүгін, Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылындағы мектеп-лицейде "Спорт жұлдыздары" журналы мен аталған мектеп-лицей ұжымының ұйымдастыруымен әскери жетекшілер арасында Пневматикалық винтовкадан ату мен автоматты жартылай бөлшектеп жинаудан республикалық турнир болып өтті. Астананың іргесіндегі Жібек жолы ауылына Астана қаласы, Абай, Ақмола, СҚО, Түркістан, Қарағанды және Павлодар облыстарынан келген ұстаздар жиналып бәсеке көрігін қыздырды.
Турнирді Ақмола облысы, Аршалы аудандық білім бөлімінің АӘжТД пәні әдіскері Асқар Ташренов өзінің құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тілесе, "Спорт жұлдыздары" журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев доданы өткізуге көрсеткен қолдауы үшін аудандық білім бөліміне ризашылығын білдіріп, Асқар Құдайбергенұлына марапат табыс етті.
Тартысты өткен сайыста Пневматикалық винтовкадан атудан Нұрлан Жангурбаев (20-29 жас, Көкшетау қаласы), Юсиф Атакишиев (30-39 жас, Ақмола обл, Аршалы), Үсен Мұратов (40-49 жас, Түркістан обл, Жетісай), Ардақ Мырзахметов (50-59 жас, Қарағанды обл, Теміртау) және Аманжол Джамбусинов (+60 жас, Павлодар қаласы) жеңістің биік тұғырынан көрінсе, Автоматты жартылай бөлшектеп жинаудан Аян Ауесхан (20-29 жас, Ақмола обл, Аршалы), Данияр Қозыбаев (30-39 жас, Павлодар обл, Баянауыл), Тойжан Утельбаев (40-49 жас, Түркістан обл, Ордабасы), Анатолий Заичко (50-59 жас, Ақмола обл, Шортанды) және Құдайберген Аменов (Павлодар обл, Ақсу) үздіктер қатарынан табылды.
Марапаттау рәсіміне мектеп-лицей директоры Дана Иманбалинова қатысып, қатысушыларды жеңістерімен құттықтады. Журнал редакторы Мусағали Тасқалиев өз кезегінде Дана Теміршотқызына "Ұлт батырлары" кітабын сыйға тартып, арнайы марапат табыс етті. Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Арықты ауылынан келген АӘжТД жетекшісі Асылхан Танкенов қызы Аружанмен бірге Мусағали Тасқалиевтің сөзіне жазылған "Бауыржан -батыр" әнін нақышына келтіре шырқады.
Жеңімпаз және жүлдегер атанған ұстаздарды жүлделерімен шын жүректен құттықтаймыз! Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін!
Болатбек Тұрарұлы
"СЖ"